Жасанды интелект көмегімен бейнеролик жасау байқауының жеңімпаздары анықталды

«Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты мен Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) бірлесіп ұйымдастыруымен Балқаш ауданының барлық мектеп оқушылары арасында «Қазақстанға жолбарыстың қайта оралуы, биоалуантүрлілікті қалпына келтіру және Оңтүстік Балқаш өңірінің табиғаты» тақырыбында жасанды интеллект (ЖИ) көмегімен бейнеролик жасау байқауы өткізілді.
Байқаудың басты мақсаты – өскелең ұрпақтың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін арттыру, Іле-Балқаш өңірінің бірегей экожүйесі туралы білімдерін кеңейту, биоалуантүрлілікті сақтаудың маңызын насихаттау, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын шығармашылық бағытта қолдану дағдыларын дамыту.
Байқау барысында қатысушылар Оңтүстік Балқаш өңірінің табиғи ерекшеліктерін, сулы-батпақты алқаптарын, қамысты тоғайларын, сексеуілді ормандарын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін бейнероликтер арқылы көрсетті. Сонымен қатар, бір кездері осы өңірді мекендеген жолбарыстың тарихи мекеніне қайта оралуы идеясын шығармашылық тұрғыда бейнелеуге ерекше назар аударылды.
Қатысушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, экологиялық тақырыптарды заманауи форматта жеткізіп, өздерінің ізденісі мен шығармашылық қабілеттерін танытты.
Ұсынылған жұмыстар тақырыптың мазмұнын ашу деңгейі, идеяның ерекшелігі, табиғат көріністерін бейнелеу шеберлігі, шығармашылық шешімі және жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану тұрғысынан бағаланды.
Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстар анықталып, жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
Бас жүлде – Байұзақ Нұрәли Бағнұрұлы, «Үлгілі жалпы орта білім беретін мектебі МДШО» КММ-нің 9-сынып оқушысы.
І орын – Бағнұрұлы Бекнұр, «Б. Бейсекбаев атындағы мектеп-гимназиясы МДШО» МКМ-нің 3-сынып оқушысы.
ІІ орын – Жантілеу Ануар, №1 Жамбыл атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы.
ІІІ орын – Онкелді Жаннұр Ержанатқызы, «Ақдала орта мектебі Бояулы ШЖБМ» КММ-нің 10-сынып оқушысы
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар марапатталып, қатысушылардың шығармашылық еңбектері жоғары бағаланды.
Аталған іс-шара оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, заманауи технологияларды тиімді пайдалануға және табиғатты қорғау мәселелеріне деген қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған маңызды шығармашылық алаң болды.
Табиғатты сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік. Ал жас ұрпақтың шығармашылығы арқылы экологиялық құндылықтарды насихаттау – табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырудың маңызды қадамы.