«Іле – Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты наурыз айының 22 жұлдызынан бастап мамыр айының 22 жұлдызына дейін екі айға созылатын уақыт аралығында «Саябақтар шеруі» табиғатты қорғау акциясын өткізеді. «Саябақтар шеруі» – бұл экологияны қорғау акциясы. Оның тарихы 1990 жылдары АҚШ-та бастау алған. Халықаралық акция адамдарды табиғатты аялауға, оның қажеттілігін жете түсінуге және жұртты осы бастамаға ұйыстыруды көздейді. Акция республика көлемінде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Акция аясында түрлі конференциялар, сенбіліктер, сайыстар, мектептерде тәрбие сағаттары және жоғарғы оқу орындарында дәрістер өткізіледі.
Саябақтар шеруінің басты мақсаты халықтың, жұртшылықтың, мемлекеттік билік органдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының, кәсіпкерлерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың басты мәселелеріне назарын аудару және осындай аумақтарға іс жүзінде көмек көрсетуі. Отандастар санасына өзіміздің табиғи және мәдени мұраларымызға деген мақтанышты ояту болып табылады.
Жайма шуақ көктем, жаз айларымен бірге бастау алатын табиғатты қорғау акциясына қатысайық! Өз қолымыздан келетін үлесімізді қосайық! Табиғат тазалығы, туған жер амандығы екенін ұмытпайық.