«Іле-Балқаш» резерваты Арал көлінің құрғаған түбінде жасыл қалқан жасауға көмектесті

Президент қ. Тоқаевтың елімізді ауқымды түрде көгалдандыру үшін орман қорында 2 млрд ағаш және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызуға қатысты тапсырмасы аясында «Іле-Балқаш» резерватында 5,5 тонна сексеуіл тұқымы жиналды, оның 1 тоннасы 125 га алқапта резерватта егуге қалдырылды.

Арал көлінің құрғаған түбінде орман екпелерін отырғызу үшін Қызылорда облысына 4,5 тонна сексеуіл тұқымы жіберілді. Өздеріңіз білетіндей, сексеуіл ормандары құмды-тұзды дауылдарды тиімді тежейді, қорғаныс аймағында жануарлар мен өсімдіктер әлемін дамыту үшін қолайлы микроклимат қалыптастырады, тиімді «жасыл қалқан» жасай отырып құм жинақтау функциясын атқарады.

Өз аумағындағы тоғай ормандарын қалпына келтіру үшін «Іле-Балқаш» резерваты бұдан басқа 10 мың тал, 1000 түп тораңғы мен жиде ағаштарын дайындап  отырғызды.

Балқаш ауданында «Іле-Балқаш» резерваты «Экобиопроект» ҚҚ-мен, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып  Қараой, Көктал және Жиделі ауылдарында 10 гектардан астам алқапта 1500 алма көшеттерін отырғызылып, оларға тамшылатып суару құрылғысын орнатты.