2026 жылғы 7 тамызда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының ұйымдастыруымен Қарой ауылы тұрғындарымен жолбарысты қайта жерсіндіру жобасы аясында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өткізілді.
Іс-шараға Қарой ауылдық округінің әкімі Ә.Б.Болатов, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының бас директоры Қ.С.Қожабеков, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Н.И.Қонысбаев, Балқаш АПБ ҚҚБ учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры А.Д.Дүйсенғали, «Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер түрлерін сақтау» қорының директоры Г.Мазманянц, сондай-ақ Балқаш ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау аға лейтенанты А.Н.Еміл қатысты.
Кездесу барысында жолбарысты қайта жерсіндіру жобасының негізгі мақсаттары мен оны іске асыру кезеңдері, қауіпсіздік шаралары, жануарларға мониторинг жүргізу, сондай-ақ жергілікті тұрғындармен өзара іс-қимыл мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Жиын соңында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауапты мамандардан толыққанды жауап алды. Мұндай кездесулер халықты жоба туралы жан-жақты ақпараттандыруға, мемлекеттік органдар мен жергілікті тұрғындар арасында ашық диалог қалыптастыруға және табиғатты қорғау бағытындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
🌿 Жолбарысты қайта жерсіндіру жобасы – Іле-Балқаш өңірінің табиғи экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған маңызды экологиялық бастама.
