Табиғи өрттердің алдын алу және олармен тиімді күресу мақсатында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының материалдық-техникалық базасы жаңа арнайы техникамен толықтырылды.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қолдауымен резерватқа 2 дана HOWO T5G маркалы жаңа өрт сөндіру автокөлігі табысталды.
Заманауи өрт сөндіру техникалары табиғи аумақтардағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрт ошақтарына жедел жету және төтенше жағдайлар кезінде тиімді әрекет ету мақсатында пайдаланылатын болады. Арнайы көліктер күрделі табиғи жағдайларда жұмыс істеуге бейімделіп, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Жаңа техникалардың пайдалануға берілуі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қауіпсіздігін арттыруға, табиғи экожүйелерді қорғау және сақтау бағытындағы жұмыстардың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Өрт қаупі жоғары кезеңдерде жедел әрекет ету мүмкіндіктерін кеңейту – табиғи аумақтарды сақтаудың маңызды бағыттарының бірі. Жаңа автокөліктер резерват қызметкерлерінің жұмыс тиімділігін арттырып, табиғи ресурстарды қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейтуге ықпал етеді.
