Бүкілқазақстандық ағаш егу күні өтті

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы мен «Парктер шеруі–2026» табиғатты қорғау акциялары аясында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи табиғи резерватының қызметкерлері «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу» экологиялық іс-шарасын өткізді.

Көгалдандыру ісіне бұл жолы тек резерват қызметкерлері ғана емес, шараға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің орман шаруашылығы мамандығы бойынша өндірістік практикадан өтіп жатқан студенті, сондай-ақ «Жасыл Life» мектеп орманшылығының жетекшісімен бірге оқушылары атсалысты.

Экологиялық акция барысында Қарой ауылдық округінің кіреберіс жолының бойына қарағаш, терек және өрік көшеттері отырғызылды. Бұл бастама өңірдің жасыл белдеуін кеңейтуге, экожүйені жақсартуға және табиғатты қорғау мәдениетін дамытуға бағытталған.

Аталған шара – табиғатты аялауға, жасыл қорды көбейтуге және болашақ ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыруға арналған маңызды экологиялық қадамдардың бірі.

«Табиғатқа жасалған жақсылық – ұрпаққа қалдырған аманат» іспетті, отырғызылған талдар мәуелі болып, болашаққа көлеңке болсын!