Кездесу барысында мерекенің шығу тарихы мен маңыздылығы түсіндіріліп, табиғаттағы құстардың рөліне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ резерват аумағында тіршілік ететін құс түрлері туралы қызықты мәліметтер ұсынылып, оларды қорғау қажеттігі кеңінен айтылды.
Іс-шараның практикалық бөлімінде оқушылар мамандармен бірге құстарға қамқорлық жасау мақсатында ұяшықтар дайындап, оларды мектеп аумағына орнатты. Бұл жұмыстар олардың табиғатқа деген жанашырлық көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті.
Сонымен қатар, дәріс барысында оқушылардың білімін пысықтау мақсатында викториналық сұрақтар қойылып, белсенділік танытқан оқушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Жалпы, іс-шара мазмұнды, әрі тәрбиелік мәні жоғары деңгейде өтіп, оқушылардың экологиялық санасын арттыруға және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосты.
01 сәуір күні «Парктер шеруі-2026» табиғатты қорғау экологиялық акциясы аясында «Үлгілі» орта мектебі мен «Ә.Ахметов» атындағы орта мектебінің оқушылары үшін «1 сәуір – Құстар күні» аясында мазмұнды кездесу ұйымдастырылып, экологиялық бағыттағы танымдық дәріс өткізілді.
